Павлодар облысы Ақтоғай ауданында, Aqtogai Milk ЖШС аумағында бақытсыз жағдай орын алып, соның салдарынан 6 адам қаза тапты. Тағы бір ер адам орташа ауырлықтағы көмірқышқыл газымен улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды.
НЕ БОЛДЫ
Қайғылы оқиға 20 шілдеде Жоламан ауылындағы Aqtogai Milk ЖШС аумағында болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, жұмысшылар кәріз құдығындағы электр сорғысын жөндеу жұмыстарын жүргізген. Оқиға салдарынан 6 адам оқиға орнында қаза тапты.
Павлодар облысы полиция департаментінде хабарлағандай, адамдардың қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Төтенше қызметтердің ақпаратына сәйкес, шақырту 12:01-де түскен. Дәрігерлер 1963, 1975, 1983, 1998, 2006 және 2009 жылы туған ер адамдардың өлімін растады. Қаза тапқандардың ең кішісіне 16 жас болған.
ЗАРДАП ШЕККЕН ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1988 жылы туған ер адам Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілген.
Ведомство науқастың «орташа ауырлықтағы көмірқышқыл газымен улану» диагнозымен ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, оны облыс орталығына жеткізу қажеттілігі жоқ екені айтылды.
ПОЛИЦИЯ НЕ ХАБАРЛАДЫ
Павлодар облысы ПД қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ведомство ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын мәлімдеді.
Оқиға орнында тергеу-жедел тобы жұмыс істеуде. Құқық қорғау органдары болған оқиғаның мән-жайын анықтауда. Алдын ала ақпарат бойынша, олар еңбекті қорғау талаптарының сақталуын да тексеруі керек.
Фонд-бюро расследования коррупции