вице-премьер-министр Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуы фактісі бойынша бірінші кезектегі тергеу іс-шараларының нәтижелерін қарады. Отырыста құтқарылған әскери қызметшінің жағдайы және отбасыларды қолдау шаралары да талқыланды.
ҚАНДАЙ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ҚОЗҒАЛДЫ
Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтің хабарлауынша, әскери қызметшілердің қаза болуы фактісі бойынша ҚР ҚК 453-бабының 2-бөлігі («Қызметке немқұрайлы қарау, ауыр зардаптарға әкеп соққан») және ҚР ҚК 465-бабы («Кеме жүргізу ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Әділовтің айтуынша, тергеу әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға және құтқару іс-шараларын жүргізуге байланысты бұзушылықтарға күдікті лауазымды тұлғаларды анықтады. Олардың әрекеттеріне тергеу құқықтық баға береді.
ҚҰТҚАРЫЛҒАН ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІНІҢ ЖАҒДАЙЫ ТУРАЛЫ НЕ АЙТЫЛДЫ
Отырыста оқиғадан кейін құтқарылған әскери қызметшінің жағдайы жеке қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың ақпараты бойынша, оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ.
Әскери қызметші есін жиып, қажетті медициналық көмек алуда. Оның қасында ата-анасы бар.
ОТБАСЫЛАРҒА КӨМЕК ҚАЛАЙ БӨЛІНЕДІ
Үкіметтік комиссия қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берді. Түсетін қаражатты бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз ету жеке тапсырылды.
Материалдық көмек заңда көзделген мемлекеттік төлемдер мен өтемақыларды, сондай-ақ бизнес өкілдері мен меценаттар тарапынан қаржылық қолдауды қамтиды.
ҚАРАЖАТ ҚАЙДА ЖИНАҚТАЛАДЫ
Түсетін қаржылық көмекті жинау үшін Маңғыстау облысының әкімдігі арнайы қор айқындады. Оның қызметі тұрақты бақылауға алынды.
КОНТЕКСТ
Естеріңізге сала кетейік, 24 қыркүйекте Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінің жағалауында, Маңғыстау облысында ауа райының күрт нашарлауы және желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кетті.
25 қыркүйек таңертең жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осыдан кейін Каспий теңізінің акваториясында іздеу-құтқару операциясы аяқталды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен қаза болу себептерін тергеу жөніндегі комиссия құрылды.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Каспий теңізінің жағалауында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсетуге 815 млн теңге жіберуге ниетті.
Фонд-бюро расследования коррупции