«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының жаңа президенті болып журналист әрі медиа-сарапшы Назира Дәрімбет сайланды. Шешім 2026 жылғы 17 шілдеде қор құрылтайшыларының жалпы жиналысы мен Қамқоршылық кеңесінің отырысында қабылданды.
ҚОРДЫ КІМ БАСҚАРДЫ
Қордан хабарлағандай, Назира Дәрімбет тәуелсіз журналистикада тәжірибесі бар, сонымен қатар медианы дамыту және пікір білдіру бостандығын қорғау саласындағы халықаралық жобаларды жүзеге асыруға қатысқан.
«Кәсіби тәжірибе, халықаралық байланыстар және медиаортаның заманауи сын-қатерлерін терең түсіну Назира Дәрімбетке қордың миссиясын сәтті жалғастыруға және оның Қазақстанда сөз бостандығын қорғау, журналистік қоғамдастықты қолдау және медианы дамыту саласындағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
НАЗИРА ДӘРІМБЕТ НЕ ДЕДІ
Сайланғаннан кейін Назира Дә рімбет құрылтайшылар мен Қамқоршылық кеңес мүшелеріне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, жаңа лауазымды үлкен мәртебе және жауапкершілік деп атады.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстандағы журналистер тек соттық және әкімшілік қысымға ғана емес, сонымен қатар кибершабуылдар, бұғаттаулар және онлайн-қудалауды қамтитын цифрлық қауіптерге де тап болып отыр. Ол бұл сын-қатерлерге жауап журналистерді қорғаудың заманауи тетіктері, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және кәсіби қоғамдастықты біріктіру болуы керек екенін атап өтті.
Сондай-ақ Назира Дә рімбет қордың қызметі тек журналистерді қорғауға ғана емес, жалпы елдегі сөз бостандығын қорғауға да бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, ұйым қордың негізін қалаушы және алғашқы жетекшісі Тамара Кәлиева салған принциптерге сүйене отырып, бар жетістіктерді сақтап, оларды заманауи сын-қатерлерді ескере отырып дамытуды ниет етіп отыр.
ҚОР ҚАНДАЙ ЖҰМЫС БАҒЫТТАРЫН АНЫҚТАДЫ
Қор дамудың жаңа кезеңінде сөз бостандығы саласындағы халықаралық стандарттарды ілгерілетуге және Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындауға, журналистер мен тәуелсіз редакциялардың құқықтық қорғалуын күшейтуге, цифрлық қауіпсіздік құралдарын және кибершабуылдарға ден қоюды дамытуға басымдық беретінін хабарлады.
Сонымен қатар, басымдықтар қатарында өңірлік БАҚ-ты қолдау, сөз бостандығын қорғайтын ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ журналистерге жедел көмек көрсету үшін цифрлық сервистерді дамыту аталды.
КОНТЕКСТ
«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры — 1999 жылы құрылған тәуелсіз үкіметтік емес құқық қорғау ұйымы. Оның миссиясы сөз және пікір білдіру бостандығын қорғауды, журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына құқықтық қолдау көрсетуді, сөз бостандығының бұзылуын мониторингтеуді, медиа заңнамасын жетілдіруді және Қазақстанда тәуелсіз журналистиканы дамытуға жәрдемдесуді қамтиды.
Назира Дә рімбет сайланғанға дейін қорды Карлығаш Жаманқұлова басқарған еді, ол бұған дейін ұйым президентінің өкілеттігін тапсыру және оның құрылтайшылар құрамынан шығу туралы өтініш берген болатын. Оның айтуынша, шешім оның кандидатурасын Құрылтай сайлауына ұсынуға байланысты. Ол ықтимал рөлдер қақтығысын болдырмау үшін осылай шешкенін түсіндірді.
Фонд-бюро расследования коррупции